Маңғыстау облысы

Облыс әкімдігінің ресми интернет - ресурсы

Маңғыстау облысында жол апатынан зардап шеккен 17 адам ауруханадан шықты

25 қараша күні Маңғыстау облысы Жаңаөзен қаласы маңында болған жол апатынан зардап шеккендердің он жетісі (17адам) ауруханадан шығып, қазіргі таңда  үйлеріне аман сау оралды.

Дәрігерлердің хабарлауынша, әлі 9 жолаушы ем қабылдап жатыр. 2 науқас хирургиялық бөлімде, 3 адам  травматология бөлімінде орташа ауыр халде. Ал, жағдайы ауыр 2 жолаушы жансақтау бөлімінен әлі ауыстырылмаған.

Жол апатынан зардап шеккен тағы 2 бүлдіршін облыстық балалар ауруханасында ем қабылдауда. Науқастың бірі - 2007 жылы туған. Оның сан сүйегіне сыртқы фиксерлеуші құрылғыны қолдану бойынша ота жасалып, әрі қарай емдеу және тексеру бойынша кеңес берілген. Жасөспірімнің қазіргі таңдағы жалпы жағдайы ауыр, өздігінен дем алуда.  Ал, 2011 жылы туған ұл бала жансақтау бөлімінен травматология және ортопедия  бөліміне ауыстырылған. Жағдайы тұрақты,-дейді дәрігерлер.

Жаңаөзен қалалық әкімдігінде жол көлік оқиғасынан зардап шеккендердің жанұяларына моральдік және материалдық көмек көрсету үшін жұмысшы тобы құрылған болатын. Қазіргі таңда жұмысшы топ қайтыс болғандардың жанұяларына қажетті материалдық көмектер көрсетуде. «Қазақстан темір жолы» АҚ тарапынан қайтыс болған 9 жанұяның отбасына 1 млн. теңгеден, ауыр жарақат алған 9 адамға 600 мың теңгеден және орташа және жеңіл жарақат алған 18 адамға 300 мың теңге көлемінде ақшалай қаражат берілген.

Сонымен қатар, жол көлік оқиғасынан зардап шеккендерге материалдық көмек көрсету мақсатында қоғамдық қор құрылып, қала тұрғындары мен облыс аумағында орналасқан мекемелерден300 мың теңге аударылған.

Қазіргі таңда жергілікті полиция қызметі жол көлік оқиғаларының алдын алу мақсатында қоғамдық көліктерде артық жолаушылар тасымалының алдын алу бағытында күнделікті жедел-профилактикалық шаралар өткізуде. Әкімдік тарапынан қоғамдық көліктерге үш мезгіл мониторинг жүргізіліп жатыр.

Естеріңізге сала кетейік, 25 қарашада Жаңаөзен қаласы - Тенге ауылы арасындағы темір жол өткелінде жолаушылар тасымалдаушы №3 қоғамдық көлігі мен тепловоз соқтығысқан болатын. Апат кезінде 8 жолаушы қайтыс болып, 27-сі жарақат алған еді.

Маңғыстау облысы әкімінің баспасөз қызметі