Маңғыстау облысы

Облыс әкімдігінің ресми интернет - ресурсы

Ералы Тоғжанов Маңғыстау ауданының активімен кездесті

Маңғыстау ауданының Шепе ауылында Маңғыстау облысының әкімі Ералы Тоғжановтың аудан активімен кездесуі өтті.

Маңғыстау ауданының әкімі Жармағанбет Айтуаров актив қатысушыларына ауданның әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштері туралы баяндап берді.

- «Бизнестің жол картасы-2020» бизнесті қолдау мен дамытудың бірыңғай бағдарламасы аясында 2016 жылы 5 жоба мақұлданды, оның ішінде 4-уі субсидия, ал біреуі кепілдік бойынша. Шағын кредиттік ұйымдармен 238,1 млн. теңгеге 57 несие берілді. Осы жылдың екі айы ішінде 1 жоба мақұлданып, 6,7 млн. теңге сомасында 1 шағын несие берілді, - деді Жармағанбет Айтуаров.

Содан кейін аудан тұрғындары Шетпе ауылындағы жаңа мектептің құрылысына, Шебір мен Шайыр елді-мекендеріндегі медициналық қызметкерлердің жетіспеушілігіне қатысты сұрақтар қойды.

Мәдениет саласының ардагері Тыныштық Ахметова Жармыш ауылынан мәдениет үйін салып беруді сұрады. Маңғыстау облысыәкімінің орынбасары Шолпан Илмұханбетова,ол бойынша жобалық-сметалық құжаттамасының дайын екенін жәнемәслихат сессиясы кезінде бюджетті нақтылауда қаржы мәселесі шешілетінін айтты.

Келесі сұрақ аудан ардагері Қуантқан Исаевтан түсті. Ол «Шетпе-Қызан» жолында аяқталмай қалған «Тасмұрын-Мәстек» аралығын (36 шақырым) асфальттау мәселесін көтерді. Облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы А.Көшербаевтың айтуынша, «Шетпе-Қызан» жолының 49-85 км. аралығын асфальттау бойынша жобалық-сметалық құжат осы жылдың сәуір айында дайын болады. Содан кейін жол құрылысына бюджеттік өтінім түседі.

Тұрғындарды міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру бағдарламасының жүзеге асырылуы, әсіресе, зейнеткерлердің емделуінежұмсалатын ақы мәселесі толғандырды. 2018 жылдың 1-қаңтарынан бастап міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру бойынша мемлекет зейнеткерлер үшін жарна төлейтін болады.

Ал, білім саласының ардагері Сабақбай Тілегенов Тиген ауылындағы газ мәселесін көтерген болатын. Ол бойынша осы жылдың сәуір айында жобалық-сметалық құжаттама сараптамадан өткеннен кейін, жобаны қаржыландыру мәселесі депуттатармен қаралатын болады.

Аудан тұрғындарымен болған кездесудің қорытындысы бойынша Ералы Тоғжанов мемлекеттік орган басшыларына бірқатар нақты тапсырмалар берді. Облыстық құрылыс басқармасына ағымдағы жылдың 20-сәуіріне дейін мердігер таңдау бойынша конкурсты аяқтап, Шетпе ауылындағы Ащыбұлақ шағынауданынан 600 орынды мектеп құрылысын қамтамасыз етуді, облыстық білім басқармасына облыстағы барлық мектептерді кең форматты интернет желісімен қамтамасыз етуді, Маңғыстау ауданының әкіміне әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштерін бақылауда ұстап, ауданның 90 жылдығын тойлау бағдарламасын жасақтауды, денсаулық сақтау басқармасына ауданның медициналық мекемелерін қажетті кадрлармен – хирург, травматолог және педиатр мамандарымен қамтамасыз етуді, облыстық ауыл шаруашылық басқармасына Шебір мен Шайыр ауылдарындағы ескі құдықтарды қалпына келтіруді, Маңғыстау облысы бойынша ауыл шаруашылығын дамытудың бағдарламасын жасауды және егін шаруашылығымен айналысатын кәсіпкерлерге қолдау көрсетуді тапсырды.

Маңғыстау облысы әкімінің баспасөз қызметі.