Маңғыстау облысы

Облыс әкімдігінің ресми интернет - ресурсы

Ералы Тоғжанов Маңғыстау ауданының әлеуметтік-экономикалық дамуымен танысты

20 наурыз күні Маңғыстау облысының әкімі Ералы Тоғжанов жұмыс сапарымен Маңғыстау ауданында болды. Аймақ басшысы «Каспий Цемент» өндірістік базасымен танысып, мифолог-ғалым Серікбол Қондыбай атындағы мемориалдық мұражайға барды. 2015 жылы жергілікті бюджет есебінен салынған мұражай қазақ мифологиясының танымал зерттеушісі тұрған, Маңғыстау ауданының орталығы Шетпе ауылында орналасқан.

Сонымен қатар, жұмыс сапары барысында аймақ басшысы Маңғыстау ауданының Шайыр елді мекеніндегі әлеуметтік маңызды нысандарды аралап шықты. Облыс әкімі 2013 жылы республикалық бюджет есебінен салынған Шайыр ауылындағы дәрігерлік амбулаторияның сапасымен, ондағы медициналық қызметтің қолжетімділігімен танысты. Мұнда күніне 30-ға жуық адамды қабылдайды.

Ералы Тоғжанов Шайыр ауылындағы орта мектептің жанынан меценат демеушілігімен өткен жылы салынған алғашқы спорт кешенінің жұмысымен танысты. Жоба құны – 43 млн.теңгені құрайды, бұл қаржыға заманауи спорттық құрал-жабдықтар сатып алынды. Бүгінгі таңда дзюдо, күрес, бокс секцияларына 60-тан астам жасөспірім қатысады.

Сондай-ақ, облыс әкіміне Шайыр ауылынан 2016 жылы ашылған газдалған және газдалмаған минералды су өндіретін ««Шетпе сулары LTD» ЖШС цехының жұмысын таныстырды. Демеушілер есебінен салынған кәсіпорыннан 27 жұмыс орны ашылған. Шикізат ретінде тиісті зертханалық зерттеулерден өткізілген жер астынан шығатын табиғи су пайдаланылады. Цех автоматтандырылған құрылғылармен жабдықталған. Дайын өнім 9, 3, және 1,5 литрлік сапалы пластикалық ыдыстарға құйылып, «Шайыр су» атты маркада шығарылады.

Жұмыс сапарының соңында аймақ басшысы Жыңғылды ауылындағы су резервуары құрылысының екінші кезеңімен танысты. Жер астынан жиналған су резервуарға жиналып, барлық үйге жіберіледі. Су құбыры тұрғындардың үйінің қасына дейін жүргізілетін болады. Әлеуметтік жағдайы төмен отбасыларға су құбырын үйге тарту үшін мемлекеттік көмек көрсетіледі. Резервуар құрылысының жұмыстары осы жылдың тамыз айында аяқталып, іске қосылады.

Маңғыстау облысы әкімінің баспасөз қызметі