Маңғыстау облысы

Облыс әкімдігінің ресми интернет - ресурсы

Малайзия делегациясы Маңғыстауда

Малайзияның Халықаралық сауда министрлігі өкілі Шахрин Мадрос пен Reach – Energy компаниясының бас директоры Шахул Хамид Мохд бастаған инвесторлар Маңғыстау облысында болды. Делегация облыс әкімі Ералы Тоғжановпен кездесіп, ынтымақтастық мәселесін талқылады. Бұрын хабарланғанындай, «ЭКСПО -2017» шеңберінде өткен «Малайзия-Қазақстан» бизнес-форумында малайзиялық Reach –Energy Berhard компаниясы Маңғыстау облысы әкімдігімен Ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойған болатын.

  Малайзия инвесторлары газ-мұнай барлау және өндірумен айналысатын Эмир ойл компаниясының 60 пайыз үлесін сатып алғанды. Reach –Energy компаниясының бас директоры Шахул Хамид Мохд малайзиялық инвесторлар Маңғыстау экономикасына 1 млрд. доллар қаржы құюға дайын екендігін атап өтті.

  Маңғыстау облысы әкімі Ералы Тоқжанов өңіріміздің әр түрлі бағыттағы әлеуеті жайында әңгімеледі. Бүгінгі таңда туризм саласын дамытуға басымдылық беріліп отыр. Өйткені,  Қазақстандағы тарихи-мәдени ескерткіштердің 70 пайызы біздің өңірімізде орналасқан.

  -Маңғыстау –  Каспий жағалауындағы 5 елге шығатын жалғыз облыс. Қарағанда-Жазқазған-Бейнеу және Бейнеу-Ақжігіт –Өзбекстан Республикасы мемлекеттік шекарасы көлік күретамырлары арқылы облысымыздың сауданы дамытуға әлеуеті мол. Сондай-ақ, халықаралық бағыттарға арналған жүк тасымалын бұрынғыға қарағанда үш есе арттыруға мүмкіндік береді. Әсіресе, шетелдік инвесторлар мұнайхимия өнеркәсібіне қызығушылық танытып отыр,-деді  Ералы Тоғжанов.

  Ералы Лұқпанұлы 20-шілдеде Маңғыстау облысында көліктік-логистикалық форум өткізу жоспарланғанын атап өтті. Оған Сингапур, Иран, Малайзия, Грузия елдерінің өкілдері қатысып,  көліктік логистика саласындағы  ынтымақтастық,  бірыңғай тарифке көшу мәселелерін талқылайды.

  Малайзия халықаралық сауда министрлігінің өкілі Шахрин Мадрос Ынтымақтастық туралы меморандум екі ел арасындағы өзара тиімді қарым-қатынасты нығайта түсетіндігін айтты.

  -Еліміздің инвесторлары атынан қатысып отырған малайзиялық  мемлекеттік корпорациямыз. Делегация «ЭКСПО-2017 « көрмесі шеңберінде өткен бизнес-форумда Маңғыстау облысы әкімдігімен меморандумға қол қойды. Онда көзделгендей,  негізінен мұнай-газ саласын игеретін боламыз.  Маңғыстаудың мұнай-газ өндірісі үлкен әлеуетке ие. Біз қайта өңдеу саласына бас мән береміз. Бұған қоса, ауыл шаруашылығы ,  электр, сумен қамтамасыз ету және туризм салаларына малайзиялық инвесторларды тартуға көмектесеміз. 2015 жылы Қазақстан мен Малазияның  сыртқы сауда айналымы 39 миллион доллар болса, 2016 жылы 49 миллион долларға жетті. Бұл мемлекеттеріміздің арасындағы ынтымақтастықтың қарқынды дамып келе жатқандығын көрсетеді,-деді Малайзия халықаралық  сауда министрлігінің өкілі Шахрин Мадрос.

  Маңғыстау облысы әкімінің баспасөз қызметі