Ақтауда Мұз сарайының құрылысы басталды
Бүгін, 16 мамыр күні облыс әкімі чехиялық инвестор Сергей Матвиенкомен кездесті.
Кездесуде алдағы уақытты бой көтермек Мұз сарайының құрылысы талқыланды. Жоба құны 4 млрд. теңгені құрайды. Құрылыстың жобасын ұсынған Чехияның Брно қаласындағы «Н+H TECHNIKA» компаниясы. Бұл компания Еуропа мен Ресейдегі сырғанауға арналған ғимараттар тұрғызуымен танымал.
Бұл «Н+H TECHNIKA» компаниясының мемлекеттік -жеке әріптестік аясында атқарып жатқан алғашқы жобасы. Оған бөлінген 4 млрд теңгенің 70%-ы компанияға тиесілі болса, қалған 30%-ы мемлекет қаржысы. Көпсалалы мұз сарайын тұрғызу үшін Ақтау қаласының 32 шағын ауданынан 1,5378 га жер бөлінген. Жоба аясында халықаралық стандартқа сай мұз айдыны, 2500 орындық көрермен залы, фитнес-зал, конференц-зал, пресс-центр, кафе, ресторан салу да көзделіп отыр.
-Ақтауда кең көлемдегі жабдықталған залдар жоқтың қасы. Қазір қаладағы жалғыз мұз айдыны «Ақтау» сауда ойын-сауық кешенінде орналасқан. Оған келуші балалар мен ата-аналар айтарлықтай қаржы жұмсайды. Ал мұнда табыс табу жүйесі көзделмеген, сарай көпшілік игілігіне қызмет ететін болады. Спортшылар ғана емес, балалар, оқушылар, барша тұрғындар спортпен емін-еркін айналыса алады, - деді компания өкілі Сергей Пахомов.
-Хоккей, мәнерлеп сырғанаудан өзге қысқы спорт түрлерін дамытуды көздеп отырмыз. Жергілікті мамандарды дайындау мақсатында халықаралық дәрежедегі жаттықтырушыларды әкелу де жоспарда тұр. Конькиді жалға беру жұмыстары ұйымдастырылады. Зал көлемі үлкен, сондықтан онда баскетбол, мини-футбол, гимнастика секілді спорт түрлерімен айналысуға толық мүмкіндік бар. Спорттық құрал-саймандар сатуға арналған дүкендер де іске қосылмақ. Зал мен мұз айдыны мерекелік шаралар кезінде де қолданылатын болады. Нысан құрылысын жергілікті мамандар жүргізеді, ал материалдар сырттан әкелінеді. Барлығы 121 жұмыс орны қарастырылған. Бірақ құрылыс уақытында және нысанды пайдалану кезінде қосымша жұмыс орындары болады», - дейді «Н+H TECHNIKA» компаниясының директоры Сергей Матвиенко.
-Бұл жоба облысымыз үшін өте маңызды. Келісімдер жүргізілді, құрылысты бітіру мерзімі – бір жарым жыл. Нысан аяқталған соң әкімшілік құзырына тапсырылады, алайда чех компаниясының басқаруында болады. Сарайдағы залдар мәдени, спорттық шаралар, көрмелер т.б. кештер өткізу мақсатында да қолданылатын болады, - деді Маңғыстау облысының әкімі Ералы Тоғжанов.
Кездесу қорытындысында облыс басшысы Ералы Тоғжанов орынбасары Ш. Илмуханбетоваға аталмыш Мұз сарайының құрылыс жұмыстарын қадағалап, белгіленген межеде аяқтауды тапсырды.
Маңғыстау облысы әкімінің баспасөз қызметі




