Тіркелу
   Резидент РК
   Сгенерировать пароль
Пароль прийдет на указанный Email адрес
Алға
Кері қарай
Тіркелу
 

Возможности после регистрации:

Сможете задавать вопросы руководителям госорганизаций и получать на них ответы, получите доступ к документам для скачивания.


Сможете пользоваться дополнительными сервисами: участвовать в онлайн-конференциях, читать блоги, оставлять отзывы к госуслугам и оценивать качество их оказания.


В случае подписки на новости, получите информацию о всех событиях на свой E-mail.

По вопросам работы интернет - ресурса просим обращаться по телефону: 8 (7292) 42-83-32

Маңғыстау облысының 2016 жылғы қаңтар-желтоқсандағы әлеуметтік-экономикалық даму қорытындылары туралы

07.02.2017
11:05:29
0

             Облысты әлеуметтік-экономикалық дамыту бойынша жұмыс 2016 жылы Мемлекет басшысының «Қазақстан жаңа жаһандық нақты ахуалда: өсу, реформалар, даму» атты 2015 жылғы 30 қарашадағы Қазақстан халқына Жолдауында, «5 институттық реформаны жүзеге асыру бойынша 100 нақты қадам» Ұлт жоспарында қойылған тапсырмаларға, сондай-ақ стратегиялық және басым мемлекеттік, салалық бағдарламаларға сәйкес құралды. Маңғыстау облысын дамытудың2016-2016 жылдарға арналған бағдарламасын іске асыру басталды.

Жалпы өңірлік өнім (ЖӨӨ) 2016 жылдың 9 айында 1724,1 млрд. теңгені, ЖӨӨ-нің нақты өсімі – 99,9% құрады. Халықтың жан басына шаққандағы ЖӨӨ 2722,5 мың теңге көлемінде қалыптасты (ҚР бойынша орташа – 1764,7 мың теңге болғанда). ЖӨӨ НКИ-нің 2016 жылға арналған болжамы – 100,1%.

Облыстың өнеркәсіптік кәсіпорындары 2016 жылдың қаңтар-желтоқсанында қолданыстағы бағада 1861,2 млрд. теңгенің өнімін өндірді. Өнеркәсіптік өнімнің нақты көлем индексі 96,9% құрады.

Төмендеу, жалпы көлемде үлесі 86,4% құрайтын тау-кен өндіру өнеркәсібіндегі (1608,5 млрд. теңгенің өнімі өндірілді) НКИ-нің (96,8%) төмендеуімен байланысты болды (2015 жылдың қаңтар-желтоқсанында –  1358,0 млрд. теңге). Мұнай өндіру өткен жылдың осындай кезеңімен салыстырғанда 2,1%-ға төмендеді (өндіру көлемі 18,1 млн. тоннаны құрады). «Қарақұдықмұнай» ЖШС, «Бозашы Оперейтинг ЛТД» КФ, «Қаражанбасмұнай» АҚ кәсіпорындары бойынша көлемнің төмендегені байқалады, бұған мұнайға арналған бағалардың күрт құлдырауына байланысты бұрғылау бағдарламасының тоқталып тұруы себепші болып отыр.

Мұнай-газ саласында 12,9% алатын техникалық қызметтердің 11,8%-ға төмендегені байқалады («Мунайфилдсервис» ЖШС, «Астра Стар» ЖШС, «Caspian Well Services» ЖШС, «Кезби» ЖШС). 

Табиғи газ өндіру 13,8%-ға артып, 2886,8 млн. текше метрді құрады.

Өңдеу саласындағы (саланың үлесі – 7,1%) өндіру көлемі 10,9%-ға артып, 132,2 млрд. теңгені құрады.

Машиналар мен жабдықтардан басқа дайын металл бұйымдарын өндіруде – 2 есеге, химия өнеркәсібінде – 10,6%-ға, өзге де металл емес минералдық өнімдер өндірісінде – 0,7%-ға, тері және оған жататын өнім өндірісінде – 7,7%-ға өсу байқалады.

Электрмен жабдықтау, газ, бу беру және ауа баптауда 104,6 млрд. теңгенің өнімі өндіріліп (2015 жылдың қаңтар-желтоқсанында – 74,3 млрд. теңге), саладағы НКИ 93,3% құрады. Негізгі себеп – «МАЭК Қазатомөнеркәсіп» ЖШС-нің электр энергиясын өндіруді 9,6%-ға азайтуы.

«Сумен жабдықтау, канализациялық жүйе, қалдықтарды жинақтауды және бөлуді бақылау» саласында 15,9 млрд. теңгенің өнімі өндірілді (2015 жылдың қаңтар-желтоқсанында – 20,2 млрд. теңге), НКИ – 68%. «ҚазСуШаруашылығы» МКК,«Бейнеу Су сервис» МКК, «Комуналдық кызмет» МКК бойынша көлемнің төмендеуі байқалады.

Жыл ішінде ахуалды тұрақтандыру, облыстың өнеркәсіптік кәсіпорындарының, бірінші кезекте мұнай-газ компанияларының проблемалық мәселелерін шешу бойынша барлық мүмкін болатын шаралар қабылданды.

Негізгі капиталға инвестициялар көлемі 399,7 млрд. теңгені құрады немесе 2015 жылдың тиісті кезеңіне қарағанда 82,2%.Төмендеу, бірінші кезекте тау-кен өндіру өнеркәсібіне салынатын инвестициялардың, дәлірек айтқанда, машиналар мен жабдыққа, барлауға және өндіруге арналған шығындардың төмендеуімен байланысты болды.

Маңғыстау облысының Кәсіпкерлікті қолдау картасының (анықтама үшін: өңірлік Индустрияландыру карталарының жаңа атауы) шеңберінде 2016 жылы 6 жоба іске асырылып, оның ішінде 4 жоба толықтай пайдалануға берілді, 2 жоба бойынша 1-кезеңдері іске қосылды. Іске асырылған жобалардың жалпы құны 104,7 млрд. теңгені құрап, 426 жаңа жұмыс орны құрылды:

1) азық-түлік тауарларын сақтауға арналған қоймалық орынжайлар құру, «Азерсун өндіріс және логистика орталығы» ЖШС;

2) премиум сыныпты газ-герметикалық бұрандалы қосылыстармен мұнай-газ кәсіптік сұрыптамасының дайын болат құбырларын шығаратын зауыт құрылысы, «Қазақстан Пайп Трэдэрс» ЖШС (Тенарис);

3) үй құрылысы комбинатын салу, «ДСК-Ақтау» ЖШС;

4) Ақтау халықаралық теңіз сауда портын солтүстік бағытта кеңейту (аяқтау), «Ақтау Теңіз Солтүстік Терминалы» ЖШС;

5) Құрық портында паром кешенін салу және әмбебап жүк-жолаушылар паромдарын пайдалану, «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ (1-кезең);

6) дайын өнімді шығару бойынша өндірістік қуаттылықты арттырумен минералды тыңайтқыштар өндіретін зауытты жаңғырту, «ҚазАзот» ЖШС.

Құрылыс жұмыстарының көлемі 2016 жылдың қаңтар-желтоқсанында 186,2 млрд. теңгені құрадынемесе бағалар индексін есепке алғанда 2015 жылдың тиісті кезеңіне қарағанда 98,8%. Сонымен бірге, көлем обсолюттік мәнде 8 млрд. теңгеге артты (2015 жылдың қаңтар-желтоқсанында – 178,2 млрд. теңге).

Жалпы ауданы 708,6 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді немесе өткен жылдың қаңтар-желтоқсанына қарағанда 9,9%-ға артық (2015 жылдың қаңтар-желтоқсанында – 645,0 мың шаршы метр).

Ақтау қаласының 32 «А» шағын ауданында сметалық құны 1800 млн. теңге болатын 120 пәтерлік 3 тұрғын үйдің құрылысы аяқталды. 2016 жылға 1040,3 млн. теңге бөлініп, игерілді.

Халықтың барлық санаттары үшін тұрғын үй салу аясында «Бәйтерек деволопмент» АҚ Ақтау қаласының 33 және 34 шағын аудандарында көп пәтерлік екі тұрғын үйдің және Мұнайлы ауданында 24 пәтерлік жиырма тұрғын үйдің құрылысын бастады. Осы мақсатқа 2016 жылға 2 623,9 мың бөлініп, 2017 жылға 1336,8 млн. теңге көздестірілді.

Жыл басында Ақтау қаласында 466 үлескер қатысатын 6 үлескерлік құрылыс объектісі бар болды. Оның ішінде бүгінге 447 үлескер қатысатын 4, оның ішінде мемлекеттің қолдауымен 3 тұрғын үйдің құрылысы аяқталды.

Инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылымның құрылысына 4622,6 млн. теңге бөлінді (4529,5 млн. теңгесі игерілді). 13 жобаны, оның ішінде 2 ауыспалы және 11 жаңа жобаны іске асыру жүргізілуде.

Облысты дамытудың перспективалы бағыттарын іске асыру: мұнай-газ өндіру секторын одан әрі дамыту (мұнай-газ өндіру, мұнай-газ сервисі), транзиттік әлеуетті дамыту (көлік пен логистика), құрылыс индустриясын, туризмді дамыту («Кендірлі» курортты демалыс аймағы) бойынша жұмыс жалғасуда.

Көлік инфрақұрылымын дамыту саласында, «Нұрлы жол» бағдарламасының аясында «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ-ның «Боржақты-Ерсай» темір жолының құрылысы аяқталды. Жоба құны –9,6 млрд. теңге. Оның ішіндеҰлттық қордан 6,7 млрд. теңге бөлініп, игерілді. Объект 2015 жылғы желтоқсанда пайдалануға берілді. Құрылысын салу кезеңінде 204 жұмыс орны құрылды, пайдалану кезеңінде 42 тұрақты жұмыс орнын құру жоспарлануда. Бүгінге паром кешенінің құрылыс объектісіне құрылыс жүктерін тасымалдау ғана жүзеге асырылуда. Таяу келешекте осы желі бойынша жылына 8,0 млн. тоннаға дейін жүк тасымалданады деп күтілуде.

2015 жылғы сәуірде «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ-ның құны 32,0 млрд. теңге болатын (оның ішінде, Ұлттық қордан 2015 жылы – 4,8 млрд. теңге бөлінді, 2,7 млрд. теңгесі игерілді, 2016 жылға 7,0 млрд. теңге көздестірілді) Құрық портындағы паром кешенінің құрылысы басталды. Жүк ағынының жылдық көлемі – 4,1 млн. тонна, құрылыс салу ауданы – 21 га.

1-кезең бойынша жұмыстар жүргізілуде – 1 іске қосу кешені: жерге орналастыру жұмыстары, аумақты қалыптастыру, темір жол төсеу – 3 км, жеке тұрған ғимараттарды монтаждау, электр беру желілерін салу. Қазаншұңқыр мен резервуарларды орнатуға арналған жабдық дайындалды.

Құрылысын салу кезеңінде – 220 жұмыс орнын, пайдалану кезеңінде – 249 жұмыс орнын құру көздестірілген. Объектіні аяқтау мерзімі – 2017 жылғы желтоқсан.

Азия даму банкінің қарыз қаражатын тарту арқылы республикалық бюджет қаражаты есебінен «Ақтау-Бейнеу-Атырау» автожолын реконструкциялау жобасы аяқталды. «Шетпе-Бейнеу» автомобиль жолын реконструкциялау жұмыстары аяқталды (құны – 46,4 млрд. теңге, оның ішінде 2015 жылға дейін 44 млрд. теңге игерілді). Республикалық бюджеттен 2016 жылы 2,3 млрд. теңге бөлініп, игерілді.

Құны 36,5 млрд. теңге болатын «Шетпе-Жетібай-Ақтау» автомобиль жолын реконструкциялау жұмыстары жалғасуда Оның ішінде 2014 жылы 0,6 млрд. теңге игерілд. 2015 жылы 9,1 млрд. теңге бөлініп, игерілді. Республикалық бюджеттен 2016 жылға 2,02 млрд. теңге бөлініп, оның 1,7 млрд. теңгесі игерілді. АДБ-нің 11,4 млрд. теңге қарыз қаражаты бөлінді (9,4 млрд. теңгесі игерілді). Іске асыру мерзімі: 2015-2017 жылдар.

Екі жоба бойынша құрылысын салу кезеңінде – 2579, пайдалану кезеңінде – 17 жұмыс орны құрылды.

Ақтау халықаралық теңіз портын солтүстік бағытта кеңейту жөніндегі жобаның аясында (құны – 39,7 млрд. теңге) мынадай жұмыс жүргізілуде:

2-кезең –теңіз түбін тереңдету жұмыстарын жүргізу:

1-кезек – пайдалануға берілді (15.03.2016 жылы),

2-кезек – навигациялық жабдықты шеф-монтаждау және іске қосу-ретке келтіру орындалуда;

3-кезең – құрғақ жүк терминалдарының құрылысы:

1-кезек – астық терминалы – пайдалануға берілді,

2-кезек – алаңішілік инженерлік желілердің, қызметтік және өндірістік ғимараттардың, 3 айлақтың құрылысы.

Жобаны іске асыру нәтижесінде порттың қуаттылығы жылына 2,5 мың тонна құрғақ жүкке дейін өседі. Құрылатын жұмыс орындары: 2016 жылы құрылысын салу кезеңінде – 303 адам, пайдалану кезеңінде – 173 адам.

Жергілікті маңызы бар автомобиль жолдарын салуға, күрделі, орташа, ағымдағы жөндеуге және күтіп-ұстауға, сондай-ақ ЖСҚ-ын әзірлеуге республикалық және облыстық бюджеттердің қаражатынан 2016 жылға шамамен 7,7 млрд. теңге бөлінді.

«Сыңғырлау-Сам-Ноғайты-Тұрыш» автожолының (ұзындығы – 73 км) құрылысы және «Шетпе-Қызан» автожолын реконструкциялау (21-49 км учаскесі) жалғасуда.

«Ақтау-Құйылыс» (7-19 км), «Форт-Шевченко – Ақтау-Қаламқас жолының 43 километріне дейін» (43-75 км) автожолдарын күрделі жөндеу, «Таушық-Шетпе» (0-70 км) автомобиль жолын орташа жөндеу жалғасуда. «Ақтау – Форт-Шевченко» - Қаламқас кен орны» (88-154 км) автожолын орташа жөндеу басталды.

«Жаңаөзен-Құланды» автомобиль жолын кеңейту және «Форт-Шевченко – Ақтау-Қаламқас жолының 43 километріне дейін» (75-122 км) автомобиль жолын орташа жөндеу аяқталды.

Жақсы және қанағаттанарлық жағдайдағы облыстық және аудандық маңызы бар  автомобиль жолдарының үлесі 2016 жылдың басында 92% құрады.

Жүк тасымалының көлемі облыс бойынша 2016 жылдың қаңтар-желтоқсанында 218,9 млн. тоннаны құрады, бұл – 2015 жылдың осындай кезеңімен салыстырғанда 3,9%-ға аз.

«Ақтау теңіз порты» АЭА аумағын жоғары технологиялық экспортқа бағдарланған өндірістермен толықтыру бойынша жұмыс жүргізілуде. 2016 жылы 3 жоба пайдалануға берілді, олар: «Ақтау Теңіз Солтүстік Терминалы» ЖШС-нің Ақтау халықаралық теңіз сауда портын солтүстік бағытта кеңейту жобасы – 1 кезең, «Азерсун өндіріс және логистика орталығы» ЖШС-нің азық-түлік тауарларын сақтауға арналған қоймалық орынжайлар құру жобасы, «Қазақстан Пайп Трэдэрс» ЖШС-нің тығыз бұрама қосылысты құбырлар шығаратын зауыты.

«Ақтау теңіз порты» АЭА аумағын жоғары технологиялық экспортқа бағдарланған өндірістермен толықтыру бойынша жұмыс жүргізілуде. АЭА-ның инвестициялық тартымдылығын арттыру мақсатында, аумақты инфрақұрылыммен қамтамасыз ету бойынша жұмыс жүргізілуде. Құрылған сәттен бастап «Ақтау теңіз порты» АЭА аумағына 79,8 млрд. теңгеге жуық қаражат тартылды, 234 млрд. теңгенің өнімі шығарылды, бюджетке 19,4 млрд. теңгеден асатын мөлшерде салықтар төленді. 31 қатысушы тікеліп, оның ішінде 15 жоба іске асырылды. 2016 жылы мына жобалар іске асырылды:

- Азық-түлік тауарларын сақтауға арналған қоймалық орынжайлар құру, «Азерсун өндіріс және логистика орталығы» ЖШС;

- Премиум сыныпты газ-герметикалық бұрандалы қосылыстармен мұнай-газ кәсіптік сұрыптамасының дайын болат құбырларын шығаратын зауыт құрылысы, «Қазақстан Пайп Трэдэрс» ЖШС (Тенарис);

- Үй құрылысы комбинатын салу, «ДСК-Ақтау» ЖШС;

- Ақтау халықаралық теңіз сауда портын солтүстік бағытта кеңейту (аяқтау), «Ақтау Теңіз Солтүстік Терминалы» ЖШС;

«Ақтау теңіз порты» АЭА жұмыс істеп тұрған барлық кезеңде1000-нан астам жұмыс орны құрылды.

АЭА-ның инвестициялық тартымдылығын арттыру мақсатында, аумақты инфрақұрылыммен қамтамасыз ету бойынша жұмыс жүргізілуде. Бүгінге №3 және №1 кіші аймақтар инженерлік инфрақұрылыммен қамтамасыз етілген. № 1 кіші аймақтың (қосымша учаске) инженерлік инфрақұрылымын салуға республикалық бюджеттен 2017 жылға 818,2 млн. теңге бөлінді. № 2 және №4 кіші аймақтар бойынша ЖСҚ әзірленуде.

Қазақстан Республикасының туристік саласын дамытудың 2020 жылға дейінгі тұжырымдамасы Батыс Қазақстанды жағажай туризімінің орталығы ретінде, оның ішінде Кендірлі курортты демалыс аймағын дамытуды көздейді. Кендірлі туристік аймағын дамытудың жүйелі жоспары әзірленіп, бекітілді. Курортты аймақты дамытуға инвесторлар тарту бойынша белсенді жұмыс жүргізілуде.

«Қазақстанның өңірлік дамуы» жобасын іске асыру аясында, Еуроодақ сарапшыларымен бірлесіп туризм саласындағы шағын және орта бизнесті дамытуды көздестіретін Маңғыстау облысының туризмін дамытудың 2016-2020 жылдарға арналған стратегиясын әзірлеу жүргізілуде.

Жеңілдікпен кредит беру тетігі арқылы ішкі туризмді дамыту жөніндегі нысаналы бағдарламаны іске асыру басталды. Осы жоба бойынша әкімдіктің әріптесі «Даму» қоры болды. Туризм объектілерін, туристік бағыттарды дамыту үшін кәсіпкерлерге бірлесіп 900 млн. теңге бөлінді. Жобаларды екінші деңгейдегі банктер арқылы субсидиялау басталды.

Сыртқы сауда айналымы 2016 жылдың қаңтар-қарашасында 3364,3  млн. АҚШ долларын, немесе 2015 жылдың тиісті кезеңіне қарағанда 79,9%, оның ішінде тауарлар экспорты – 3148,7 млн. АҚШ долларын (83,7%), импорт – 215,6 млн. АҚШ долларын (48%) құрады. Сыртқы сауда айналымының сальдосы 2933,0 млн. АҚШ долларын құрады.

Бөлшек тауар айналымының көлемі 2016 жылдың қаңтар-желтоқсанында 152,3 млрд. теңгені құрады немесе 2015 жылдың тиісті кезеңіне қарағанда 98,1%. Тауар айналымының азаюы, айналым құрылымындағы үлесі 66,4% құрайтын сауда жасаушы кәсіпорындар көлемінің төмендеуімен байланысты.

Тұтыну бағалары мен тарифтердің индексі 2016 жылдың желтоқсанында 2015 жылдың желтоқсанына 108,9% (ҚР бойынша – 108,5%), оның ішінде азық-түлік тауарларына – 110% (ҚР бойынша – 109,7%), азық-түлік емес тауарларға – 107% (ҚР бойынша – 109,5%), ақылы қызметтерге  – 109,5% (ҚР бойынша – 106,1%) құрады.

Ауыл шаруашылығының жалпы өнімі 11,6 млрд. теңге сомасына өндіріліп,саладағы НКИ101,5% құрады. Ірі қара мал басының – 14,8%-ға (15,6 мың бас) өсуі байқалады. 2015 жылдың осындай кезеңіне қарағанда сүт өндіру 1,3%-ға (5 мың тонна), тауқы жұмыртқасын өндіру 38,4%-ға (1740 дана) артты.

Өңірде жалпы ауданы 12,73 га 15 жылыжай, оның ішінде ауданы 7,9 га өнеркәсіптік үлгідегі 4 жылыжай және ауданы 4,83 га фермерлік үлгідегі 11 жылыжай жұмыс істейді. 2016 жылы бірқатар жылыжайлардың құрылысы басталды. «Өзенмұнайгаз» АҚ «Сенек» ЖШС үшін Қарақия ауданында ауданы 0,3 га жылыжай салуға демеушілік қаражат бөлді. ДК «Бүркітбаева» Түпқараған ауданының Ақшұқыр ауылында ауданы 1,5 га жылыжайдың құрылысын аяқтауда. Мұнайлы ауданында «Greenhouse E.C.O.» ЖШС-нің жаңа инновациялық технологиялар (гидропоника) пайдаланылатын өнеркәсіптік жылыжайының құрылысы жүргізілуде.

Өсімдік шаруашылығы өнімінің шығымдылығы мен сапасын көтеруге 2016 жылы 150,7 млн. теңге субсидия бөлінді. Асыл тұқымды мал шаруашылығын дамытуды, мал шаруашылығы өнімін өндіруді және өткізуді қолдауға 37,8 млн. теңге бюджет қаражаты бағытталды.

Инвестициялық субсидиялауға республикалық бюджеттен 255,2 млн. теңге бөлініп, 76 құдық бұрғыланды (жоспар – 67).

2016 жылы Түпқараған ауданының Ақшұқыр ауылында «Байболат» ЖШС-нің шұбат және қымыз шығарумен түйе және бие сүтін қайта өңдейтін цехы, Приозерный кентінде (Ақтау қаласы) сою және етті қайта өңдеу жөніндегі қазіргі замандағы жабдықпен жарақталған (поляк технологиялары бойынша) «ҚұрыкСтройСервис» ЖШС-нің мал сою пункті пайдалануға берілді.

Балық өсіруді дамыту мақсатында, бекіре өсіру мақсатымен шарбақтық балық өсіруді жүргізу үшін 2 балық шаруашылығы учаскесі бекiтiп берілді. Ауданы 3500 га болатын оның біреуі Кендірлі мүйісінде, «Caspian Riviera» ЖШС-не бекітіліп берілген. Ауданы 324 га болатын екіншісі Ақшұқыр ауылына қарсы 20 километрде, «Caspian Sea Farm» ЖШС-не бекітіліп берілген. Осы учаскелердіңбалық өнімділігі балық өсіру мақсатымен пайдалану кезінде гектарына 6 тоннадан асатын болады.

Шағын және орта бизнестің жұмыс істеп тұрған субъектілерінің саны 01.01.2017 жылға 46,6 мың бірлікті құрады, бұл – өткен жылдың осындай кезеңімен салыстырғанда0,4%-ға көп.

«Жұмыспен қамту 2020 жол картасы» бағдарламасының екінші бағытының аясында ауыл кәсіпкерлеріне микрокредиттер беруге 2016 жылға 690 млн. теңге бөлінді. «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ-ның Маңғыстау филиалы 765,9 млн. теңге жалпы сомасына 256 микрокредит, оның шінде 2016 жылы бөлінген қаражат есебінен – 601,8 млн. теңге сомасына 209 микрокредит, қайтарылған қаражат есебінен – 41 млн. теңге сомасына 14 микрокредит, «Эко-Даму» бағдарламасы бойынша – 2,7 млн. теңге сомасына 2 микрокредит берді. Нәтижесінде 413 жаңа жұмыс орны құрылды.

Екінші деңгейдегі банктер 2016 жылдың 11 айында шағын бизнес субъектілеріне 19,6 млрд. теңге көлемінде кредиттік ресурстар берді, бұл – өткен жылдың осындай кезеңімен салыстырғанда 1,7 есе көп.

«Бизнестің жол картасы 2020» бизнесті қолдау мен дамытудың бірыңғай бағдарламасын іске асыру үшін, ағымдағы жылы Маңғыстау облысына 803,7 млн. теңге жалпы сомасында қаражат бөлініп, оның 748,2 млн. теңгесі игерілді. Өңірлік Үйлестіру Кеңесінің отырыстарында 7,7 млрд. теңге жалпы сомасына 179 жоба мақұлданды. Нәтижесінде 3329 жұмыс орны сақталып, қосымша 465-ке жуық жаңа жұмыс орны құрылды, оның кемінде 10%-на жұмыссыздар өңірдің жұмыспен қамту орталықтары арқылы жұмысқа орналастырылатын болады

Шағын және орта бизнес субъектілерінің белсенділігін арттыру мақсатында, ауыл кәсіпкерлеріне кредит беру үшін 2016 жылы «Атамекен» микроқаржы ұйымы» ЖШС, «Маңғыстау» кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталығы» ЖШС құрылды. «Атамекен» микроқаржы ұйымы» ЖШС 486,8 млн. теңге сомасына 55 микрокредит беріп, 150 жаңа жұмыс орны құрылды.

Облыстың барлық аудандары мен қалаларында «Даму» КДҚ» АҚ ӨФ жанындағы кәсіпкерлерді қолдаудың мобильді орталығы қызметтер көрсетеді. Ол 2016 жылы 51 елді мекенге баруды жүзеге асырып, 1499 қызмет көрсетті.


Халықты жұмыспен қамтуды қамтамасыз ету саласында, «Жұмыспен қамту 2020 жол картасы» бағдарламасының іске асырылуын есепке алғанда 2016 жылда облыс бойынша 25355 жұмыс орны құрылды. Оның ішінде, қалалар мен аудандардың әкімдіктері халықтың нысаналы топтары үшін 1418 әлеуметтік жұмыс орнын құрып, жоғары оқу орындарының 1232 түлегін жастар практикасына тартты.

Есепті кезеңде жұмыспен қамту органдары 28584 адамды жұмыспен қамтумен, оның ішінде 19365 адамды – тұрақты жұмыс орындарымен, 3340 адамды – маусымдық жұмыстармен, жергілікті бюджеттер есебінен 3229 адамды – ақысы төленетін қоғамдық жұмыстармен, 1418 адамды – әлеуметтік жұмыс орындарымен, 1232 адамды – жастар практикасымен қамтамасыз етті.

Жұмыспен қамтуға жәрдемдесу шараларымен қамтылғандар үлесі 2015 жылғы 66,5%-дан 2016 жылы 71%-ға дейін, тұрақты жұмыс орындарына жұмысқа орналастырырылғандар үлесі 2015 жылғы 61,5%-дан 2015 жылы 73%-ға дейін артты.

Облыс бойынша 2016 жылы 47 бос орын жәрмеңкесі өткізіліп, оларға 786 адам қатысты. Жұмыссыздықты, оның ішінде жастар жұмыссыздығын төмендету үшін «Жаңа Серпін» өңірлік бағдарламасы іске асырылуда.

 

Облыс бойынша тіркелген жұмыссыздар саны 1.01.2017 жылға 3098 адамды құрады (1.01.2016 жылға – 2800 адам).

Жалпы жұмыссыздық деңгейі 2016 жылдың 3-тоқсанында (ашық еңбек нарығында) 5,1%-ды құрап (2015 жылдың 3-тоқсанында – 5,1%), оның ішінде жастар жұмыссыздығы 4,7%-дан 5,0%-ға дейін артты.

Табысы аз азаматтардың саны 2016 жылда 1,8 есе төмендеді. «Өрлеу» жобасына қатысушылардың саны 3 есеге дерлік, оның ішінде табысы аз азаматтар – атаулы әлеуметтік көмек және балалар жәрдемақыларын алушылар қатарынан қатысушылардың саны 2 есе өсті (2015 жылғы 391 адамнан 2016 жылы 847 адамға дейін). Еңбекке қабілетті жастағы адамдардың саны 4 есе, 122 қатысушыдан 484 адамға дейін өсті.

Облыс ұжымдарындағы әлеуметтік-еңбек жағдайды тұрақты қадағалау және шиеленісуге жол бермеу бойынша тиімді шаралар әзірлеу үшін, мұнай-газ саласындағы әлеуметтік-еңбек дауларын болдырмау жөнінде тұрақты мониторинг жүрігзетін және шаралар қабылдайтын Өңірлік жұмыс тобы жұмыс жасайды. 2016 жылы жұмыс тобының 29 отырысы өткізілді.

Әлеуметтік әріптестік саласында Әлеуметтік әріптестік және әлеуметтік-еңбек қатынастарын реттеу жөніндегі өңірлік үш жақты комиссия жұмыс жасайды. 2016 жылы комиссияның 8 отырысы өткізілді. Осы консультациялық-кеңесші органдардың жұмысы аясында тұрақтылықты сақтау және әлеуметтік шиеленісуге жол бермеу үшін нақты іс-қимыл алгоритмі жолға қойылды.

Өндірістік үдерісті тұрақтандыру, қызметкерлердің еңбек құқықтарын және оларды жұмысқа орналастыруды қамтамасыз ету мақсатында, әр түрлі деңгейдегі әкімдіктер қызметкерлері 117 мың адамды қамтумен 2543 меморандум жасасты. Жұмысты күшейту үшін әлеуметтік әріптестермен өзара іс-қимыл жолға қойылып, «Атамекен» ҚКП-нің Маңғыстау облысы бойынша өкілдері тартылды.

Жалақы бойынша берешекті өтеу бойынша тиімді шаралар қабылдау үшін, Өңірлік дағдарысқа қарсы штаб жұмыс жасайды. 2016 жылы облыстың 26 кәсіпорнын қараумен штабтың 12 отырысы өткізілді. Бір жылда мемлекеттік еңбек инспекторларының ден қою актілерін енгізу және Өңірлік дағдарысқа қарсы штабтың шешімдерін іске асыру арқылы, 75 ұйымда 287 млн. теңгеден асатын берешекті жабудың сәті түсіп, осы арқылы 1555 қызметкердің құқығы қорғалды. Берешек фактілері бойынша 75 заңды тұлға 13,4 млн. теңге жалпы сомасына әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Қазіргі кезде ағымдағы және мерзімі өткен берешек жоқ.

Халықтың жан басына шаққандағы атаулы орташа ақшалай табысы 2016 жылдың 3-тоқсанында 1119974 теңгені құрады. 2015 жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда атаулы табыс – 9,1%-ға, нақты ақшалай табыс – 9,6%-ға азайды.

Облыстағы ең төменгі күнкөріс мөлшерінің шамасы 2016 жылдың желтоқсанында 25838 теңгені құрады. Бір қызметкердің орташа айлық атаулы жалақысы 2016 жылдың қаңтар-қыркүйегінде облыс бойынша орташа 244775 теңгені құрады, бұл – 2015 жылдың осындай кезеңінен 6%-ға көп және 9,5 ең төменгі күнкөріс мөлшерін құрайды.

Мемлекеттік бюджетке (Ұлттық қорды есепке алмағанда) 326,9 млрд. теңге (2015 жылдың осындай кезеңіне – 104,3%), оның ішінде республикалық бюджетке – 201,1 млрд. теңге (100,5%), жергілікті бюджетке – 125,8 млрд. теңге (111%) сомасында салықтар мен өзге де міндетті төлемдер түсті.

Облыстың 2016 жылға арналып нақтыланған бюджеті 183,1 млрд. теңгені құрады. 2016 жылда бюджеттің кірістер бойынша атқарылуы жоспарға – 98,3%, оның ішінде республикалық бюджеттен берілетін нысаналы трансферттер мен кредиттер бойынша – 97,9% құрады.

Сумен жабдықтауды жақсарту мақсатында, «Өңірлерді дамытудың 2020 жылға дейінгі бағдарламасының» аясында 2015 жылдан ауысатын 7 жобаны іске асыруға 2016 жылы 2 404,5 млн. теңге, оның ішінде республикалық бюджеттен – 1177,4 млн. теңге, жергілікті бюджеттен – 1 227,1 млн. теңге мөлшерінде қаражат бөлінді.

01.01.2017 жылғы жағдай бойынша 7 жобаның ішінде 5 жоба аяқталды: Бейнеу ауданының Бейнеу ауылында су тазарту құрылысын және поселкеішілік су құбырын (1, 2, 3-учаскелер), Жаңаөзен қаласының «Жұлдыз» және «Мерей» шағын аудандарында сумен жабдықтаудың тарату желілерін салу. 2 жоба 2017 жылға өтеді: «Жаңаөзен қаласында еділ суын тәулігіне 30 мың текше метрге дейін ауыз су сапасына жеткізіп дайындау үшін су тазарту құрылыстарын салу», «Түпқараған ауданының С. Шапағатов ауылында поселкешілік су құбыры мен резервуар салу».

Сондай-ақ, жергілікті бюджеттен 3 жобаны іске асыруға 665 млн. теңге бөілініп, оның ішінде Маңғыстау ауданының Тұщыбек ауылында су тазарту құрылысының, су бөгетінің, поселкеішілік су құбырының құрылысы және есептеуіштер мен еспке алу құралдарын орнату, Маңғыстау ауылының Маңғыстау-1 тұрғын жай алабының поселкешілік сумен жабдықтау желілері аяқталды, Ақшұқыр ауылындағы поселкеішілік су құбыры мен резервуардың құрылысы аяқталуда.

Бұдан басқа, Қазақстан Республикасы Үкіметінің арнайы резервінен 2016 жылы 7 жаңа жобаны іске асыруға 2687,5 млн. теңге мөлшерінде қаражат бөлінді (Атамекен, Батыр, Баянды, Маңғыстау, Ақшұқыр, Жыңғылды ауылдарын сумен жабдықтау). Бөлінген қаражат толықтай игерілді. Жобалардың барлығы 2017 жылға өтеді.

«Нұрлы жол» бағдарламасының аясында 2015 жылы мына 2 жобаны (2016 жылдан ауысатын) іске асыруға 1661,6 млн. теңге:

- Ақтау қаласында «Инженерлік желілерді салу және реконструкциялау (жылумен жабдықтау), 2-кезек» жобасына – 927,2 млн. теңге;

- «Ақтау қаласының жаңа шағын аудандардың (16, 17, 19, 19а, 30, 31, 32, 32а, 33, 34а, 35) канализациялық тарату желілерін салу» жобасына – 734,4 млн. теңге мөлшерінде қаражат бөлінді.

Бүгінгі күнге 10,4 км жылу желілері, 16,2 км (24 километрдің ішінен) канализация желілері тартылды. Жобаларды 2017 жылдың 1-тоқсанында пайдалануға тапсыру жоспарлануда.

«Нұрлы жол» бағдарламасы бойынша 2016 жылы тағы мына 2 жобаны іске асыруға 3 848,3 млн. теңге бөлінді:

- «Ақтау қаласындағы «Каспий» су тұщыту зауытын өнімділікті арттыру бойынша жаңғырту» (3138,3 млн. теңге). Жоспар 3138,3 млн. теңге болғанда, 01.01.2017 жылғы жағдай бойынша игеру 1 164,5 млн. теңгені құрайды. Объекті ағымдағы жылдың 1-тоқсанында пайдалануға тапсырылады.

- «Мұнайлы ауданының Маңғыстау ауылында автономды қазандықтар салу» (710,2 млн. теңге). Жоспар 710,0 млн. теңге болғанда, 01.01.2017 жылғы жағдай бойынша игеру 704,4 млн. теңгені құрайды. Объекті ағымдағы жылдың 1-тоқсанында пайдалануға тапсырылады.

Бұдан басқа, «Өңірлерді дамытудың 2020 жылға дейінгі бағдарламасының» аясында Мұнайлы ауданының Батыр ауылдық округінде 0,4 кВ электрмен жабдықтау желілерінің құрылысы аяқталды. Ақтау қаласы 33 «Аққу» шағын ауданының жол бойындағы аумақтарын абаттандыру (шағын ауданішілік автомобиль жолдары, жаяу жүргіншілер аймағы және тротуарлар) аяқталуда.

Жылыту маусымына дайындық аясында жалпы ұзындықтағы жылу желілерінің 3%-ын (23,3 км), электр желілерінің 31%-ын (2015 жылы – 9%) жаңғырту бойынша жұмыстар аяқталды. Сондай-ақ, «МТЭК» АҚ-ның инвестициялық жоспарының аясында 46 қосалқы станцияны жаңғырту, оның ішінде ескірген КТҚС-ды ауыстыру арқылы тарату желілерін реконструкциялау бойынша жұмыстар жүргізілуде.

Білім беру жүйесін қаржыландыруға 2016 жылы 47,5 млрд. теңге көздестірілді. 1.01.2017 жылға 47,7 млрд. теңге игерілді. Білім беру объектілерін дамытуға 1,7 млрд. теңге, оның ішінде РБ-тен – 1,2 млрд. теңге, ЖБ-тен – 0,6 млрд. теңге көздестірілді. Күрделі жөндеу жүргізуге 39,7 млн. теңге бөлінді.

Үш ауысыммен оқытуды жою мақсатында, Форт-Шевченко қаласындағы 550 орындық мектеп-интернаттың құрылысы аяқталды (инвесторлар қаражатының есебінен). «Нұрлы жол» бағдарламасының аясында Бейнеу ауылында 900 орындық мектептің құрылысы аяқталып, пайдалануға берілді. Бұдан басқа, Қарақия ауданының Жетібай ауылында 280 орындық балабақшаның құрылысы аяқталып, пайдалануға берілді. Жаңаөзен қаласының Арай шағын ауданында 320 орындық балабақшаның құрылысы жүргізілуде (объект 2017 жылға өтеді). Осы мақсатқа Ұлттық қордан барлығы 1202,3 млн. теңге бөлінді.

2017 жылдың басында кең жолақты Интернетке облыс бойынша 133 мектептің барлығы немесе 100% қосылған.

Облыс бойынша 32,7 мың бала қамтылған 244 мектепке дейінгі мекеме жұмыс істейді. 3-тен 6 жасқа дейінгі балаларды қамту 83,5% құрайды.

2016 жылы мектепке дейінгі балалар ұйымы, оның ішінде Қарақия ауданының Жетібай ауылында 280 орындық 1 мемлекеттік балабақша, Түпқараған ауданында 1 мемлекеттік шағын орталық және 1040 орындық 18 жеке меншік балабақша ашылды.

Денсаулық сақтау жүйесін қаржыландыруға 2016 жылы 21,0 млрд. теңге көздестірілді. 1.01.2017 жылға 20,8 млрд. теңге игерілді. Денсаулық сақтау объектілерін дамытуға республикалық бюджеттен – 2,2 млрд. теңге, материалдық-техникалық базаны нығайтуға – 305,4 млн. теңге және үй-жайларды, ғимараттарды, құрылыстарды күрделі жөндеуге – 352,0 млн. теңге көздестірілді.

Республикалық бюджет қаражатының есебінен Ақтау қаласында 150 орындық ана мен баланы қорғау орталығының құрылысы жүргізілуде.

Нәрестелер өлім-жітімінің деңгейі 2016 жылда 1000 тірі туылғандарға шаққанда 9,5-ті құрады (2015 жылда – 1000 тірі туылғандарға шаққанда 9,5). Ана өлім-жітімінің 1 фактісі тіркелді (2015 жылда – 1 факт).

Жүрек-қан тамырлары ауруларынан болатын өлім-жітімді төмендету мақсатында Маңғыстау облыстық ауруханасының қабылдау бөлімшесінде қарқынды терапияның 8 төсектік кардиологиялық блогы, Жаңаөзен қалалық орталық ауруханасының негізінде инсульт орталығы ашылды.

Нақты онкологиялық диагноз қою мақсатында, Облыстық онкологиялық диспансерде гистологиялық және иммундық-гистохимиялық және шұғыл зертхана ашылды.

Ақтау қаласының 13,14,15,17,19 шағын аудандары тұрғындарының қолжетімділігін жақсарту мақсатында, 2016 жылғы желтоқсанда 12 шағын ауданда қосалқы жедел жәрдем станциясы ашылды. Облыстың жедел жәрдем және санитариялық авиация қызметі үшін, 2016 жылда СК-Фармация» ЖШС арқылы 11 бірлік санитариялық автокөлік (аудандық ауруханалар),2 реанимобиль (Маңғыстау облыстық ауруханасы және Ақтау қалалық жедел және шұғыл медициналық жәрдем станциясы), жедел жұмысты жақсарту үшін 20 бірлік планшет (Ақтау қалалық жедел және шұғыл медициналық жәрдем станциясы) сатып алынды.

Спорт және дене шынықтыру саласында облыс бойынша 12,0 мың бала айналысатын 18 балалар мен жасөспірімдер спорт мектебі жұмыс істейді. Облыс бойынша дене шынықтырумен және спортпен айналысатындардың барлық саны 158,3 мың облыс тұрғынын құрайды.

2016 жылда салауатты өмір салты бойынша 354, оның ішінде ауылда 189 спорттық іс-шара өткізілді. Оларға 19,5 мың адам, оның ішінде ауылдық жерде 10 мың адам қатысты. 5 кешенді спорттық іс-шара (Спартакиадалар, Фестивальдар) өткізілді.

Бүгінге облыста 569, оның ішінде ауылда 260 спорт құрылысы жұмыс істейді.

Жергілікті бюджет қаражаты есебінен 2016 жылы Ақтау қаласының №16 мектебінің аумағында мүгедектерге арналған спорт залы салынды.

Демеушілік қаражат есебінен Ақтау қаласының 33 шағын ауданында Спорт сарайының, Ақтау қаласының 34 шағын ауданында спорттық ойын және жекпе-жек түрлеріне арналған спорт залының құрылысы аяқталуда.

Маңғыстау ауданындағы Ақшымырау, Шайыр, Қызан ауылдарында 3 спорт залының құрылысы аяқталып, Шетпе ауылындағы спорт залының құрылысы аяқталуда.

Мұнайлы ауданының Басқұдық ауылында облыстық дзю-до федерациясының «Қайсар» клубының спорт залы пайдалануға берілді. Ақтау қаласының 3 «Б» шағын ауданында реконструкциялаудан кейін «Теміржолшы» спорт залы ашылып, бассейннің құрылысы аяқталуда. Ақтау қаласының 3 шағын ауданында «Теннис клубы» ҚБ-нің спорт залын реконструкциялау аяқталды.

Демеушілік қаражаты есебінен Ақтау қаласының 17 шағын ауданындағы «Бокс орталығы» спорт кешенінің құрылысына ЖСҚ әзірленді.

«Ақтау қаласының №2, 10, 28 мектептерінің аумағында 3 көп функционалды спорт залын салу және пайдалану» мемлекеттік-жекешелік әріптестік жобасы конкурстық рәсімдерінен өтуде.

Мәдениет саласын дамытуға 2016 жылы 2,2 млрд. теңге бөлінді. 4 тарихи-мәдени қорымда (Түпқараған ауданындағы «Айғыр», Маңғыстау ауданындағы «Еліқажы», Қарақия ауданындағы «Айтман», Мұнайлы ауданындағы «Нұрмағанбет») 60,9 млн. теңге жалпы сомасына 27 объект реставрацияланды.

«Жұмыспен қамту 2020 жол картасы» бағдарламасының аясында республикалық бюджеттен 74 млн. теңге бөлініп, игерілді. Бейнеу ауданының 10 объектісінде Қарақия ауданының 2 объектісінде ағымдағы жөндеу жүргізілді.

Облыстың клубтық мекемелері облыс бойынша 2039 әлеуметтік маңызды және мәдени іс-шара өткізді. Облыс кітапханаларында 2016 жылда барлығы 42387 библиографиялық жазба электрондық каталогқа құйылды. Мұражайлар 108 көрме, 159 лекция, 2706 экскурсия ұйымдастырып, 73632 келуші қамтылды.

Облыстық театрлар (музыкалық-драма театры және қуыршақтар театры) 443 спектакль, оның ішінде 10 жаңа спектакль қойып, 61251 көрермен қамтылды. Н. Жантөрин атындағы театрдың актеры Медғат Өмірәлиев «Жыл актері» номинациясы бойынша «Еңлікгүл – 2016» театр өнерінің кәсіби сыйлығының лауреаты атанды.

ҚР Тәуелсіздігінің 25 жылдығын тойлау аясында облыстық деңгейде «Түп-төркінін төрге оздырған Маңғыстау» этнографиялық фестивалі «Мерейлі отбасы» конкурсы, «Сырлы әлем» конкурсы, драма ұжымдарының «Есірткісіз есті әлем» конкурсы, ұлт аспаптар оркестрлерінің арасында  І. Шыртановтың 75 жылдық мерейтойына арналған конкурс өткізілді.

Облыстық тарихи-өлкетану мұражайының «Қазіргі Қазақстан», «Жаңа кезең тарихы»экспозициялық залдарын мемориалдық мұражайды ашу, сондай-ақ «Мәңгілік ел» идеясы және С.Қондыбай мұралары» облыстық ғылыми-практикалық конференциясы өткізілді. 

ҚР Тәуелсіздігінің 25 жылдығын тойлау аясында Астана қаласындағы Маңғыстау облысының күндері өткізілді. К. Тасболатовтың 75 жылдық мерейтойына арналған «Қайқылардан қалған саз» дәстүрлі орындаушылар конкурсы, М. Өскінбаетың күйлерін дәстүрлі орындаушылардың конкурсы және «Әбіш әлемі» театрлар фестивалі республикалық деңгейде өткізілді.

Табиғат қорғау іс-шараларына жергілікті бюджеттен 2016 жылы 1,8 млрд. теңге бөлінді. Оның ішінде 522,4 млн. теңге «Қошқар ата» қалдықтар қоймасына нормативтен тыс тазартылмаған канализация суларын құю үшін бөлінді.

Бұдан басқа, улы қалдықтардың шаңмен таралуын азайту және «Қошқар ата» жасанды көлінің сұйық фаза деңгейін тұрақтандыру мақсатында, Ақтау қаласының №1 КТҚ-нан жыл сайын 8,4 млн. м3 жете тазартылған су құйылады.

«Қошқар ата» қалдықтар қоймасының жақын орналасқан аумақтағы халықтың денсаулығына әсерін экологиялық-генетикалық бағалау» ғылыми зерттеулері жүргізілуде.

«Қошқар ата» ойпатының оңтүстігінде экологиялық жағдайды жақсартуға және Басқұдық ауылының микроклиматы мен санитарлық-гигиеналық жағдайын тұрақтандыруға ықпал ететін ауданы 8,2 га эксперименттік қорғаныштық жасыл аймақ құрылуда.

Экологиялық зерттеу зертханасы облыстың теңіз порттары мен мұнай кәсіпшіліктерінің Каспий теңiзiнiң жағалық аймағына тигізетін техногендік әсерін кешенді зерттеу жұмысын жүргізді. Анықталған бұзушылықтарды жою үшін, есептер Экология департаментіне, геология және жер қойнауын пайдалану инспекциясына, мамандандырылған табиғат қорғау прокурорына жолданды.

Облыстың жабайы жануарларының (сүт қоректілердің, құстардың, жәндіктердің) қазіргі замандағы жай-күйінің мониторингі жүргізіліп, Маңғыстау облысының экологиялық паспорт әзірленуде. Жаңаөзен қаласындағы «ҚазГӨЗ» ЖШС объектілерін, «Бостандықй шағын ауданын және салынып жатқан мешіт ауданын су басу себептерін зерттеу және анықтай бойынша жұмыс жүргізілді.

Форт-Шевченко қаласында, Бейнеу ауылында, Құрық ауылында және Мұнайлы ауданының ауылдарында коммуналдық қалдықтардың түзілуі мен жинақталу нормаларын есептеу жүргізілуде. Маңғыстау ауданының Жыңғылды, Тұщықұдық, Шайыр ауылдарының, Бейнеу ауданының Боранқұл ауылының және Түпқараған ауданының Қызылөзен ауылының ҚТҚ-ды көму полигондарын салуға ТЭН әзірленді.

Елді мекендерді көшпелі құмдардан қорғау мақсатында, Бостанқұм, Түйесу және Қызылқұм құмды алаптарындағы өсімдік жабындысын қалпына келтіру бойынша жұмыстар жүргізілуде. Бозашы түбегінің жаңа орман шаруашылығын құру бойынша жұмыс жүргізілуде.

Құрамында сынап бар шамдарды кәдеге жарату бойынша шаралар қабылданып, оларды жинау үшін контейнерлер орнатылды.

Ақтау қаласындағы өнімділігі 30 мың метр/тәулік №2 канализациялық- тазарту құрылысын (КТҚ) салуды аяқтауға жергілікті бюджеттен 2016 жылы 775,4 млн. теңге бөлінді. Объект 2017 жылға өтеді.

Құқықтық тәртіп пен қауіпсіздік саласында 2016 жылдың 12 айында облыс бойынша тіркелген қылмыстардың жалпы санының 2015 жылдың осындай кезеңімен салыстырғанда 5,8%-ға төмендегені байқалады (7217-ден 6992-ге дейін).

  Ауыр қылмыс түрлерінің 0,6%-ға (647-ден 643-ке дейін), аса ауыр қылмыс түрлерінің 2,0%-ға (50-ден 49-ға дейін), кiшiгiрiм ауырлықтағы қылмыстардың 16,7%-ға (1424-тен 1186-ға дейін) төмендегені байқалады.

Атыс қаруын қолданумен 50,0%-ға аз қылмыс жасалды (28-ден 14-ке дейін).

Көшеде жасалған қылмыстардың облыс бойынша тіркелген қылмыстардың жалпы санындағы үлес салмағы 11,7%-ды немесе 818 фактіні құрады (2015 жылы – 11,5%).

2016 жылдың 12 айында барлығы 3585 қылмыс, оның ішінде 56 – аса ауыр және 497 – ауыр қылмыс (оның ішінде, 32 адам өлтіру, 45 денсаулыққа ауыр зиян келтіру фактісі, 31 зорлау, 34 қарақшылық, 482 алаяқтық, 94 тонау, 973 ұрлық және 318 бұзақылық) ашылды.

Өткен жылдың осындай кезеңімен салыстырғанда жол-көлік оқиғаларының (ЖКО) саны 18,0%-ға (410-нан 336-ға дейін) және оларда жараланған азаматтар саны 18,3%-ға (518-ден 423-ке дейін) азайды. Сонымен бірге, ЖКО-да қаза тапқандар санының22,8% (79-дан 97-ге дейін)өскені байқалады.

Материалдық-техникалық нығайту тұрғысында жол-патрульдік полицияның жылжымалы жасақтары, учаскелік полиция инспекторлары портативтік және автомобильдік бейнетіркегіштермен қамтамасыз етіліп, бейнедеректерді мұрағаттау үшін арнайы автоматтандырылған жүктеу станциялары орнатылды.

Қоғамдық орындарда, мемлекеттік мекемелерде, Ақтау қаласының саябақтарында орнату үшін, ІІД Жедел басқару орталығының Операциялық залына шығару арқылы 20 бірлік жоғары жылдамдықты бұрылмалы бейнебақылау камерасы сатып алынды.

«100 нақты қадам» ұлт жоспарына сәйкес, облыста жергілікті атқарушы органдарға және жергілікті қоғамдастыққа есеп беретін жергілікті полиция қызметі (бұдан әрі – ЖПҚ) құрылды. Оның қызметін бағалаудың негізгі өлшемшарты халықтың пікірі болып табылады. Осыған байланысты, қызметті ақпараттық-имидждік қолдау бойынша шаралар қабылдануда, ІІД-нің «Web порталында» «Жергілікті полиция қызметінің жұмысы» атты кіші бөлім ашылды.

Жұмылдыру дайындығы және төтенше жағдайлар объектілерін дамыту мақсатында, Мұнайлы ауданының Батыр ауылында өрт депосының кешенін (2 машиналық) салуға ЖСҚ әзірленді.

АІІБ ғимараттарын, учаскелік полиця пункттерін және облыстың аудандарында ішкі істер органдары үшін арнайы қабылдағыш салуға ЖСҚ әзірлеуге 23,3 млн. теңге бөлінді.

Жаңаөзен қаласын әлеуметтік-экономикалық дамытудың кешенді жоспарын іске асыруға 2016 жылы – 3,2 млрд. теңге, оның ішінде республикалық бюджеттен – 1,3 млрд. теңге, жергілікті бюджеттен – 1,6 млрд. теңге, «Өзенмұнайгаз» АҚ қаражатының есебінен – 200 млн. теңге бөлінді.

Бүгінге Қызылсай ауылының автомобиль жолдарының құрылысы және Құланды ауылындағы автомобиль жолдарын кеңейту аяқталды; «Жұлдыз» және «Мерей» шағын аудандарындағы сумен жабдықтаудың тарату желілерінің құрылысы; еділ суын тәулігіне 30 мың текше метрге дейін ауыз су сапасына дейін жеткізіп дайындау үшін су тазарту құрылыстарын салу; шағын ЖЭО-ға ауыстыру арқылы орталық қазандықты реконструкциялау және кеңейту  (2017 жылы аяқталады) жүргізілуде.

Моноқалаларды дамыту бағдарламасының аясында облыстық бюджеттен 2016 жылы 417,8 млн. теңге, оның ішінде «Өзенмұнайгаз» АҚ-ның 294,5 млн. теңгесі көздестірілді. Осы қаражатқа «Мұнайлы», шағын ауданының автомобиль жолының құрылысы аяқталды; «Бостандық» және «Жұлдыз» шағын аудандарының автомобиль жолдарының құрылысы; Қызылсай ауылында 4 пәтерлік муниципалдық (коммуналдық) тұрғын үйдің құрылысы; Жаңаөзен қаласының 3 «А» шағын ауданындағы аулаішілік көшелерді және вокзал маңындағы көшелерді абаттандыру аяқталуда.

«Жұмыспен қамту 2020 жол картасы» бағдарламасының «Инфрақұрылым мен тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын дамытудың есебінен жұмыспен қамтуды қамтамасыз ету» атты бірінші бағытының аясында 2016 жылы облыстың ауылдық елді мекендерінде 1005 жұмыс орнын құрумен коммуналдық-инженерлік, көліктік және әлеуметтік инфрақұрылым объектілерін абаттандыру, реконструкциялау, күрделі және ағымдағы жөндеу бойынша 187 жоба іске асырылды. Осы мақсатқа республикалық бюджеттен – 2100 млн. теңге, жергілікті бюджеттен 407,3 млн. теңге бағытталды.

Бұдан басқа, «Өңірлерді дамытудың 2020 жылға дейінгі бағдарламасының» аясында жергілікті өзін-өзі басқаруды қаржылай қолдау бөлігінде 2016 жылы облыстың ауылдарын жайластыру бойынша 39 жобаны іске асыруға жергілікті бюджеттен 340,2 млн. теңге бағытталды.

Облыста тұрақты қоғамдық-саяси жағдай сақталуда.

Бүгінгі күнге облыста 90-нан аса ҮЕҰ белсенді және табысты жұмыс жасайды. Барлық қалалар мен аудандарда үкіметтік емес секторды қолдау және дамыту жөніндегі жергілікті ресурстық орталықтар жұмыс істейді.

Мемлекеттік әлеуметтік тапсырыстың 2016 жылға арналған көлемі 225,9 млн. теңгені құрады (2015 жылы – 221,8 млн. теңге, 80 жоба). Мемлекеттік әлеуметтік тапсырысты іске асырудың салалық қағидаты қолданылады, ҮЕҰ-ды қаржыландыру 18 мемлекеттік органда көздестірілген. 92 жоба іске асырылды. Жыл басынан бері әлеуметтік маңызды жобаларды іске асыру аясында 25 мыңға жуық адамды қамтумен 600-ден аса іс-шара ұйымдастырылып, 200-ге жуық адамға әлеуметтік көмек көрсетілді.

2016 жылы «Достық үйінің» ғимараты салынып, ашылды. Онда орналасқан кітапхана түрлі этностардың көркем туындылары бар кітаптардың 250-ден аса данасымен, қазақ және ағылшын тілдері бойынша оқу-әдістемелік құралдарымен қамтамасыз етілген.

Мемлекеттік ақпараттық саясатты жүргізуге 2016 жылы облыстық бюджеттен 419,0 млн. теңге бөлінді. БАҚ-мен өзара іс-қимыл жөніндегі кеңес жұмыс істейді.

Орталық коммуникациялар қызметінің өңірлік алаңында Мемлекет басшысының 2015 жылғы 30 қарашадағы Жолдауын және «100 нақты қадам» ұлт жоспарын кеңінен түсіндіру бойынша 51 бирифинг өткізілді. Облыстық ақпараттық топтар халықпен 563 кездесу өткізіп, оларға 51,2 мың адам қатысты.

«100 нақты қадам» ұлт жоспарында және «Нұрлы жол» инфрақұрылымды дамытудың мемлекеттік бағдарламасында қойылған міндеттерді есепке ала отырып, облыс көлемінде 2016 жылда «Жалпыға ортақ еңбек қоғамы» идеясын ілгерілету жөніндегі іс-шаралар жоспарының 60-тан астам іс-шарасы өткізілді.

Облыста 8 жастар ресурстық орталығы, 30-дан аса жастар ұйымы белсенді жұмыс істейді.

Мемлекеттік жастар саясатын іске асыру үшін мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс арқылы жергілікті бюджетен 48,0 млн. теңге бөлініп, 16 жоба іске асырылды.

«Жасыл ел» жобасының аясында 2016 жылы облыстың қалалары мен аудандарында «Жасыл ел» еңбек жасағының көгалдандыру жұмыстарын жүргізу үшін жергілікті бюджеттен 19,6 млн. теңге бөлінді. Көгалдандыру жұмыстары үшін 1600 адамға жуық жастар тартылды.

«Дипломмен ауылға» жобасының аясында облыстың ауылдық елді мекендеріне 721 жас маман жұмысқа орнластырылып, оның ішінде 249 адам тұрғын үйге бюджеттік кредиттер алды.

2016 жылғы қыркйүекте Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 25 жылдығын мерекелеу қарсаңында Ақтау қаласында «AKTAU OPEN FESТ  жастар субмәдениетінің фестивалі» атты IV Жастардың халықаралық спорттық-мәдени фестивалі өткізілді. Спорт пен өнер фестиваліне 100 мың Ақтау қаласының қонақтары мен азаматтары, оның ішінде жастардан 90 мың адам қатысты.

«100 нақты қадам» ұлт жоспарымен маңызды міндеттердің бірі жергілікті өзін-өзі басқаруды дамыту, азаматтардың шешімдер қабылдау үдерісіне қатысуы болып айқындалды.

Еуропалық Одақтың сарапшылары тартылған «Қазақстанның өңірлік дамуы» жобасының аясында жергілікті өзін-өзі басқару мәселелері бойынша жоспарлау және консультация беру жөніндегі жұмыс тобы құрылды.

Ауыл әкімдерінің өз міндеттерін және түрлі бастамаларды жоспарлауды жүзеге асыруы кезінде консультациялар мен қолдауды қамтамасыз ету мақсатында, 2016 жылы ресурстық орталықтардың өкілдерінің және аудандар мен қалалардың экономика және қаржы бөлімдері басшыларының қатарынан ЖӨБ бойынша кеңесші-консультанттар тобы құрылды. Кеңесші-консультанттар үшін Ақтау қаласында 2 оқу семинары өткізілді.

Еуропалық Одақ сарапшыларының жәрдемдесуі арқылы жергілікті қоғамдастықтың қатысуымен Қарақия ауданының Жетібай ауылын инклюзивтік жоспарлау жүргізіліп, ауылдың Кешенді даму жоспары әзірленді.

Бұдан басқа, «Тұрақты дамуға жетуде және әлеуметтік-экономикалық жаңғыртуда Маңғыстау облысының мүмкіндіктерін кеңейту» атты БҰҰ-мен бірлескен жоба аясында жергілікті проблемаларды шешуде азаматтарды жандандырудағы аудандық мәслихаттар мен әкімдіктердің әлеуетін көтеру мәселелері бойынша жұмыс жүргізілді. Қарақия ауданында энергиялық тиімді көшелік жарықтандыру мен Құрық ауылының орта мектеп-гимназиясында тамшылатып суаратын жылыжай орнату бойынша жоба іске асырылды.

Маңғыстау ауданында – «Орталық саябақты қалпына келтіру және жайластыру жолымен Үштаған ауылы халқының әлеуметтік саламаттылығын жақсарту» жобасы, Бейнеу ауданында – «Қоқысты бөлек жинауды және пластикалық қалдықтарды екінші рет қайта өңдеуді ұйымдастыру жолымен Маңғыстау облысы Бейнеу ауылы халқының экологиялық саламаттылығын жақсарту» жобасы іске асырылуда.

Жергілікті өзін-өзі басқару жөніндегі іс-шаралар 2016 жылы Мұнайлы және Түпқараған аудандарында жалғасты. Жергілікті халықтың пікірін есепке ала отырып, «Таушық ауылының білім беру мекемесінде тиімді жылыжай кешенін енгізу», «Халықтың демалысын ұйымдастыру үшін Қызылөзен ауылының теңіз жағалауын абаттандыру» және «Мұнайлы ауданының білім беру мекемелерінде энергия үнемдейтін технологиялар енгізу (жылыжай және энергия тиімді жарықтандыру орнату)» жобалары мақұлданды және олар іске асырылып бастады.

Өңір экономикасының тұрақты дамып келе жатқанын көрсететін облыстың экономикалық және әлеуметтік дамуының 2016 жылдағы негізгі қорытындылары осындай.

Соңғы жаңарту : 2017-02-07 11:29:27

Ақпараттық ресурстар
ҚР Президентінің ресми сайты
www.akorda.kz
ҚР Президентінің дербес парақшасы www.personal.akorda.kz
Қазақстан Республикасының Үкiметi
www.government.kz
Қазақстан Республикасының Премьер-министрі www.primeminister.kz
Қазақстан Республикасының Парламенті www.parlam.kz
Қазақстан Республикасының Бас прокуратурасы www.prokuror.gov.kz
Қазақстан Республикасы Жоғарғы Соты www.sud.gov.kz
Әділет Қазақстан Республикасы нормативтік құқықтық актілерінің ақпараттық-құқықтық жүйесі www.adilet.zan.kz
Қазақстан Республикасының мемлекеттік орган басшыларының блог-тұғырнамасы www.blogs.egov.kz
Қазақстан халқы ассамблеясы www.assembly.kz
Қазақстан Республикасының Электрондық үкіметі www.egov.kz
Қазақстан Республикасындағы электрондық лицензиялау www.elicense.kz
Қазақстан Республикасы мемлекеттік сатып алулары www.goszakup.gov.kz
Қазақстан Республикасының электрондық үкіметінің төлемдік шлюзі www.epay.gov.kz
Қазақстан Республикасының Ашық үкіметі www.open.egov.kz